Әлеуметтік сақтандыру нені сақтандырады?
1 қаңтар 2012 Оқу: 8 мин Қаралымдар: 3 540
Біздің елімізде халықты әлеуметтік қорғаудың көпдеңгейлі жүйесі жұмыс істейді,
Елімізде халықты әлеуметтік қорғаудың көпдеңгейлі жүйесі жұмыс істейді, ол халықтың барлық топтарын бала туғаннан бастап қарттыққа дейін әлеуметтік қамсыздандыруға бағытталған. Мемлекет басшысының 2004 жылғы 19 наурыздағы «Бәсекеге қабілетті Қазақстанға, бәсекеге қабілетті экономикаға, бәсекеге қабілетті ұлтқа» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында 2005 жылдан бастап Қазақстан Республикасында халықты әлеуметтік қорғаудың қосымша нысаны ретінде міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілді. Әлеуметтік қамсыздандырудың жаңа стандарттарына көшуге байланысты мемлекеттің 100 пайыз қатысуымен акционерлік қоғам нысанында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) құрылды. МӘСҚ әлеуметтік аударымдарды жинақтайды және әлеуметтік тәуекел жағдайы туындаған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларына төлемдер жүргізеді. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары — жұмыс берушілер олар үшін МӘСҚ-ға жұмыскер табысының 5 пайызы мөлшерінде, ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшері шегінде ай сайынғы әлеуметтік аударымдар төлейтін жұмыскерлер немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар. Түрлі инстанцияларға, соның ішінде біздің газетке оқырмандар жиі жолдайтын сұрақтарға «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ президенті Алмас Құрманов жауап береді.
— Қазақстанның сақтандыру нарығының субъектілеріне кімдер жатады?
— Қазақстанның сақтандыру нарығында бәсекелестік ортада қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның қаржы нарығында белгілі бір қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар сақтандыру компаниялары жұмыс істейді. Бұл ретте әрбір сақтандыру компаниясы клиенттерді тарту мақсатында заңды тұлғалар үшін де, халық үшін де сақтанушы мен сақтандырушы арасындағы шарттық қатынастардың нысанасы болып табылатын түрлі сақтандыру өнімдерін әзірлейді.
Әдетте сақтандыру жарналарының және сақтандыру жағдайы туындаған кездегі сақтандыру төлемдерінің мөлшері сақтандыру шартымен айқындалады. Мысалы, әрбір автокөлік иесі жыл сайын өзіне сақтандыру компаниясын таңдап, автокөлікті міндетті түрде бір жылға сақтандырады. Клиенттердің сақтандыру ұйымына енгізген сақтандыру жарналары жинақталып, қаржы нарығында инвестицияланады.
— Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры сақтандыру нарығына жата ма?
— МӘСҚ бәсекелі сақтандыру нарығында қызмет етпейді, ол «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген әлеуметтік тәуекелдерді сақтандырумен айналысады.
Міндетті әлеуметтік сақтандыруға жұмыс істейтін зейнеткерлерді қоспағанда, жұмыскерлер, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын және Қазақстан Республикасының аумағында табыс әкелетін қызметті жүзеге асыратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қоса алғанда, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар жатады. Жұмыс берушілердің ай сайынғы әлеуметтік аударымдарды төлеуінің міндеттілігі заңнамада көзделген. Атап өту керек, сақтандырудың негізгі қағидатын — төлемдердің төленген әлеуметтік аударымдарға тәуелділігін сақтау мақсатында түсетін әлеуметтік аударымдардың есебі әлеуметтік жеке код негізінде дербестендірілген түрде жүргізіледі. Осыған байланысты МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлемдердің жұмыскер табысының мөлшеріне және оның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне белгілі бір тәуелділігі бар. Бұл ретте ай сайынғы әлеуметтік аударымдар барлық жұмыскерлер үшін төленеді, бірақ олардың алушылары әлеуметтік тәуекел туындаған адамдар ғана болып табылады. Осылайша сақтандырудың жалпы қағидаттарының бірі — міндетті әлеуметтік сақтандыру бойынша сақтандырылған адамдар қатысуының ынтымақтастығы жүзеге асырылады.
— Міндетті әлеуметтік сақтандыру қандай әлеуметтік тәуекелдерді көздейді?
— 2005 жылдан бастап МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдер еңбекке қабілеттілігінен айырылған, асыраушысынан айырылған және жұмысынан айырылған жағдайларда жүзеге асырылады.
2008 жылдан бастап Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында ана мен баланы қолдау үшін қосымша әлеуметтік төлемдер енгізілді. Бұлар жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты, сондай-ақ бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайларға арналған.
Әлеуметтік төлемнің мөлшері міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі қатысушысының қатысу өтіліне және МӘСҚ-ға ай сайынғы әлеуметтік аударымдар төленген орташа айлық табысына байланысты. Атап айтайын: әлеуметтік төлемнің мөлшеріне төлеушілердің әлеуметтік аударымдарды уақтылы әрі толық төлеуі елеулі әсер етеді. Яғни жоғарыда аталған әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде жұмыскерге тағайындалатын әлеуметтік төлемнің мөлшері түптеп келгенде жұмыс берушінің заңға қаншалықты бағынатынына байланысты.
— Жұмысынан айырылу тәуекелі туындаған кезде МӘСҚ-тың рөлі қандай?
— Әлемдік тәжірибеде жұмыссыздық бойынша жәрдемақылар жұмысынан айырылған және белсенді түрде жұмыс іздеп жүрген адамдарға тағайындалады. Қазақстанда да МӘСҚ-тан жұмысынан айырылған жағдайға әлеуметтік төлем тағайындауға жүгінудің қажетті шарты — міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі қатысушысының жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органда жұмыссыз ретінде тіркелуі. Бұл ретте жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем тағайындау үшін жұмыссыз ретінде тіркелген күнге дейінгі соңғы 24 күнтізбелік айда жұмыс беруші ол үшін МӘСҚ-ға кемінде алты ай ай сайынғы әлеуметтік аударымдар төлеген жеке тұлға жүгіне алады.
Жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшері төлеуші төлеген әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі негізінде айқындалады.
Жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем өтініш берушінің міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай бір айдан төрт айға дейінгі мерзімге тағайындалады. 2005-2010 жылдары МӘСҚ-тан жұмысынан айырылған жағдайға 1,7 миллиард теңге сомасында әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды.
Жұмысынан айырылған жағдайға арналған әлеуметтік төлемдер жұмыссыз адамға әлеуметтік тұрғыдан қолайлы өмір деңгейін қамтамасыз етеді, ал бұл кезеңде ол белсенді түрде жұмыс іздей алады.
— Халық жұмысынан айырылу тәуекелін сақтандыру мәселелеріне жиі қызығушылық танытады, өйткені бұл екінші деңгейдегі банктерден кредиттер мен ипотекалық қарыздар алумен байланысты. Бұл мәселеде МӘСҚ қандай рөл атқарады?
— Екінші деңгейдегі банктер (ЕДБ) мен сақтандыру компаниялары бәсекелі қаржы нарығында қызмет етеді. Осыған байланысты ЕДБ клиенттерді тарту үшін кредиттер мен ипотекалық қарыздар беруге қажетті құжаттар бойынша түрлі шарттар мен талаптары бар кредит беру қағидаларын әзірлейді. Аталған талаптар ЕДБ-ның ішкі құжаттарымен бекітіледі және берілетін кредиттер мен ипотекалық қарыздардың қайтарылуын мақсат етеді. Клиент ЕДБ шарттарымен келіскен жағдайда клиент пен ЕДБ арасында тиісті шарттар жасалады.
Бұл ретте ЕДБ-ның клиентке кредит немесе ипотекалық қарыз беру кезінде оның жұмысынан айырылу тәуекелін сақтандыру жөніндегі талабы бір ғана мақсатты көздейді — қарыз алушы жұмысынан айырылған жағдайда кредитті мерзімінде өтеу. Мұндай жағдайларда кредитке қызмет көрсету қарыз алушы жұмысынан айырылу тәуекелін сақтандырған сақтандыру компаниясының есебінен жүзеге асырылады. Қарыз алушы жұмысынан айырылған жағдайда кредиттің қайтарылмау тәуекелін сақтандыру тек тәуекелдерді сақтандыру бойынша түрлі өнімдерді шарттық негізде ерікті тәртіппен ұсынатын өмірді сақтандыру компаниялары арқылы ғана жүзеге асырылады.
Кредиттер мен ипотекалық қарыздардың қайтарылмау тәуекелі әлеуметтік тәуекел болып табылмайды, сондықтан МӘСҚ мұндай тәуекелдерді сақтандырмайды.
— Әлеуметтік тәуекел туындаған кезде МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдер тағайындау үшін қайда жүгіну қажет?
— Өтініш беруші әлеуметтік тәуекел туындаған кезде әлеуметтік төлем тағайындау үшін тиісті құжаттармен тіркелген жері бойынша Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың (бұдан әрі — ЗТМО) бөлімшесіне жүгіне алады. ЗТМО-ның өңірлер бөлінісінде аудандық деңгейге дейін бөлімшелері бар. Бұл халыққа құжаттарды облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларға жеткізуге уақыт жұмсамауға мүмкіндік береді.
ЗТМО МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдер тағайындау үшін өтініш берушілерден қабылданған құжаттарды әлеуметтік төлемдер тағайындау жөніндегі уәкілетті органға — Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бақылау және әлеуметтік қорғау жөніндегі аумақтық департаментіне (бұдан әрі — департамент) береді. Содан кейін департамент әлеуметтік төлемді тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Бұл ретте департамент ұсынылған мәліметтердің дұрыстығын тексеруге құқылы. Осы мақсатта ол салық органдарынан барлық салықтар мен міндетті төлемдердің, соның ішінде төлеушілердің ай сайынғы әлеуметтік аударымдарды төлеуінің дұрыстығы туралы деректерді сұрата алады.
— Бүгінгі таңда МӘСҚ-тың әлеуметтік төлемдерінің көлемі қандай?
— 2005-2010 жылдары жоғарыда аталған әлеуметтік тәуекелдердің бес түрі бойынша МӘСҚ-тан шамамен 131 миллиард теңге сомасында әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды, оның 93 пайызы — жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер.
— Міндетті әлеуметтік тәуекелді сақтандыру жүйесіне қатысты сұрақтармен қайда жүгінуге болады?
— МӘСҚ халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге ерекше мән береді, өйткені міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі республиканың жұмыс істейтін халқының мүдделерін қозғайды. Жүйенің артықшылықтарымен бұқаралық ақпарат құралдары, МӘСҚ дайындаған брошюралар, буклеттер, плакаттар, аудиороликтер және бейнематериалдар арқылы танысуға болады.
Сонымен қатар біздің www.gfss.kz сайтымызға кірген кез келген адам әлемнің кез келген нүктесінен Қазақстанның міндетті әлеуметтік сақтандыру саласында өзін қызықтыратын мәселелер бойынша кеңес ала алады.
Сондай-ақ ЗТМО бөлімшелерінің және бақылау және әлеуметтік қорғау жөніндегі аумақтық департаменттердің қызметкерлері міндетті әлеуметтік сақтандыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
— Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның әлеуметтік қорғау жүйесінің дамуы туралы жалпы не айта аласыз?
— Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі құрылды. Ол әрбір қазақстандықты қорғайды, бүгінгі күннің шындығы мен озық әлемдік тәжірибені ескере отырып, үнемі жетілдіріліп отырады. 2008 жылы басталған әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс дамыған елдердің әлеуметтік-экономикалық жағдайына елеулі әсер етіп, олардың әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсайтын шығыстарының едәуір қысқаруына әкелді. Атап өту қажет, Қазақстан Республикасының Үкіметі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дағдарысқа қарсы шаралар жоспарын, атап айтқанда, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, жұмыссыздықтың едәуір өсуіне жол бермеуге, жұмыс орындарын сақтауға және жаңаларын құруға бағытталған арнайы Жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясын («Жол картасы») уақтылы әрі жедел әзірледі. 2009-2010 жылдары МӘСҚ-тан жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер кезеңдері міндетті сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай екі айдан алты айға дейін ұлғайтылды.
Сондай-ақ әлеуметтік жәрдемақылар мен зейнетақылардың мөлшерін арттыру арқылы әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалатын шығыстар ұлғайтылды. Осылайша Қазақстан дағдарыс құбылыстарының теріс ықпалына ұшыраған қаржы жүйесін сауықтыру жөніндегі шаралар кешенімен қатар халықтың әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған топтарының өмір деңгейінің төмендеуіне жол бермеу жөнінде іс-шаралар өткізді.
Мемлекет басшысының 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақты бірге құрайық!» атты Қазақстан халқына Жолдауының басты басымдықтарының бірі — әлеуметтік жаңғырту, яғни ел азаматтарының барлығының өмір деңгейін арттыруға және сапасын жақсартуға, әлеуметтік тұрақтылық пен халықтың қорғалуын нығайтуға бағытталған жаңа әлеуметтік саясат.