Зейнетақы аннуитетін зерттейміз
31 шілде 2013 Оқу: 4 мин Қаралымдар: 5 086
Еңбек қызметі кезеңінде әрқайсымыз зейнетақы шотымызда белгілі бір қаражат жинаймыз.
1-ҚАДАМ: ЗЕЙНЕТАҚЫ АННУИТЕТІНІҢ ПАЙДАСЫ НЕДЕ?
Еңбек қызметі кезеңінде әрқайсымыз өз зейнетақы шотымызда белгілі бір қаражат жинаймыз. Қордың инвестициялық табысымен бірге бұл сома зейнетке шыққан кезде өз иесінің қартайған шағын қамтамасыз етуге арналған едәуір капитал құрауы мүмкін.
Бірақ оқиғаның басқаша дамуы да мүмкін. Мен «жинақтаушы қордан зейнетақы» классикалық схемасының баламасы — зейнетақы аннуитеті (ЗА) немесе оны тағы «зейнетақылық сақтандыру» деп те атайды, сол туралы айтып отырмын. Мәні бойынша бұл — өмір бойы төленетін тіркелген мерзімді төлемдер. Мұндай зейнетақыны адам зейнетақы қорынан емес, сақтандыру компаниясынан алады. Бұл ретте ЗА шартын жасаса отырып, сіз өз зейнетақы жинақтарыңызды қазірдің өзінде пайдалана аласыз және олардың инфляциялық құнсыздануынан аулақ боласыз. Ал БЖЗҚ-дағы аударымдар зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін олардың иелеріне қолжетімсіз болып қала береді.
Басқаша айтқанда, ЗА — өз тұтынушысын инвестициялық тәуекелдерден, өмір сүру ұзақтығы тәуекелінен (қазір БЖЗҚ адамға зейнетақыны тек белгілі бір жасқа дейін немесе оның шотындағы қаражат таусылғанға дейін ғана төлейтінін білеміз) және инфляциядан қорғайтын кепілдендірілген сақтандыру өнімі.
2-ҚАДАМ: ТӘУЕКЕЛДЕРДІ ЖОЮ
Зейнетақылық сақтандыруда барлық тәуекелдер толығымен өмірді сақтандыру компаниясына жүктелетінін атап өткен жөн. Тіркелген төлемдер схемасы клиенттерді жоғары құбылмалылық немесе инвестициялық табыстың өзгеру тәуекелінен және өз жинақтарынан ұзақ өмір сүру тәуекелінен арылтады. Зейнетақы аннуитеті шартын жасаса отырып, өз ақшаңызды басқаруға болады. Мысалы, оларды әртүрлі қаржы құралдарына инвестициялап, инвестициялық табыс алуға болады.
3-ҚАДАМ: ПАРАМЕТРЛЕРДІ ЗЕРДЕЛЕУ
Зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан кезде салымшы өз жинақтарын немесе олардың бір бөлігін БЖЗҚ-дан өмірді сақтандыру компаниясына аударады.
Зейнетақы аннуитетін пайдалану үшін екі міндетті шарт бар. Біріншіден, бұл 55 жастан бастап жас. Қазіргі уақытта Парламентте «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына бірқатар өзгерістер енгізу жоспарланып отырған заң жобасы қаралуда. Егер Парламент біздің Компания заңнамаға ұсынған түзетулерді қабылдаса, зейнетақы аннуитетін әйелдер 50 жаста пайдалана алады.
Екіншіден, зейнетақы шотындағы жинақтардың жеткілікті сомасы. Ерлер үшін жеткілікті жинақтар сомасы 2,5 млн теңгеден асады. Әйелдер үшін — 2,9 млн теңге.
Өкінішке қарай, мұндай жинақтар әркімде бола бермейді. Сондықтан біздің компания зейнетақы аннуитеттерін сатып алу кезінде әлеуметтік құқықтарды кеңейтуді жақтайды.
Заңнамаға түзетулер қабылданған соң зейнетақы аннуитеті азаматтар үшін бұдан да қолжетімді болады деп ойлаймын. Сонымен қатар қазақстандықтар зейнетақы аннуитеттерін сатып алу арқылы зейнетақы жинақтарын бірнеше сақтандыру компаниясында орналастыра алады. Сондай-ақ аннуитетті сатып алу үшін жетпейтін соманы басқа көздерден қосымша төлей алады.
4-ҚАДАМ: ШАРТ ТҮРІН АНЫҚТАУ
Зейнетақы аннуитеті шартының екі түрі бар. Бұл — өмір бойғы аннуитет және мерзімді зейнетақы аннуитеті. Біріншісін 55 жасқа толған және зейнетақы шотында жинақтардың жеткілікті сомасы бар азаматтар пайдалана алады. Мерзімді зейнетақы аннуитетін арнаулы атақтар берілген әскери қызметшілер, ІІО және ҚАЖК, қаржы полициясы органдары мен мемлекеттік өртке қарсы қызмет қызметкерлері, сондай-ақ ерікті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтары бар, елу жасқа толған адамдар пайдалануға құқылы.
Шарт талаптарында кепілдендірілген кезең айқындалуы мүмкін. «Кепілдендірілген» деген адам қайтыс болғаннан кейін төлемдер белгілі бір кезең ішінде шарт жасасу кезінде көрсетілген тұлғаның пайдасына жүзеге асырылатынын білдіреді.
Өмірді сақтандыру компаниясынан төлемдер алу кезеңділігін адамның өзі айқындайды. Аннуитеттік компаниядан зейнетақыны ай сайын, тоқсан сайын алуға немесе бүкіл жылға арналған соманы бірден алуға болады.
5-ҚАДАМ: ЗЕЙНЕТАҚЫ АННУИТЕТІ — АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ МЕН КЕМШІЛІКТЕРІ
Зейнетақы аннуитетінің басты артықшылығы — өмірді сақтандыру компаниясынан зейнетақыны клиент өз жинақтарының бүкіл сомасын пайдаланып болған жағдайда да өмір бойы алуға болады. Зейнетақы қоры, керісінше, төлемдерді жинақталған сома таусылғанға дейін жүргізеді. Бұған қоса, зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін зейнетақы аннуитетін пайдаланып, сіз жұмысыңызды жалғастырасыз және, демек, зейнетақы қорына міндетті аударымдар жасай бересіз.
Осылайша, зейнетке шыққан кезде сізде мынадай көздерден төлемдер алу мүмкіндігі болады: өмірді сақтандыру компаниясынан аннуитеттік төлемдер, зейнетақы қорынан төлемдер, мемлекеттік зейнетақы (1998 жылға дейінгі еңбек өтілі болған жағдайда).
Кемшіліктер туралы айтсақ, зейнетақылық сақтандыруға көшу кезіндегі негізгі тәуекел өмірді сақтандыру компаниясын таңдаудағы абайсыздық болуы мүмкін. Мен мұндай таңдау алдында тұрған барлық адамдарға үш қарапайым қадамды басшылыққа алуға бірнеше рет кеңес бердім. Алдымен активтердің мөлшері мен пруденциялық нормативтердің сақталуына қарай ең сенімді компанияларды іріктеу. Содан кейін солардың ішінен ең тиімдісін және, ақырында, ыңғайлысын таңдау. Барабар пайда ұсынатын ірі әрі тұрақты компанияларды таңдай отырып, сіз өз тәуекелдеріңізді барынша азайтасыз және өмір бойғы зейнетақымен қамтамасыз етілесіз.