Перейти к содержанию
Сақтандыру қызметтерін тұтынушылар қауымдастығы
Бесплатно для потребителей +7 (727) 224 28 28
RU KZ EN

Сақтандыру қағидалары не үшін қажет

25 сәуір 2012 Оқу: 6 мин Қаралымдар: 3 130

Сақтандыру — заңды мүліктік мүдделерді қорғау жөніндегі қатынастар кешені.

Қазақстан Республикасының «Сақтандыру қызметі туралы» Заңына сәйкес сақтандыру — сақтандыру жағдайы немесе сақтандыру шартында айқындалған өзге оқиға басталған кезде сақтандыру ұйымы өз активтері есебінен жүзеге асыратын сақтандыру төлемі арқылы жеке немесе заңды тұлғаның заңды мүліктік мүдделерін қорғауға байланысты қатынастар кешені.

Сақтандыру қызметі — сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес уәкілетті органның лицензиясы негізінде не Қазақстан Республикасының өзара сақтандыру туралы заңнамалық актісіне сәйкес лицензиясыз жүзеге асырылатын, сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасасуға және орындауға байланысты қызметі.

Сақтандырушы — сақтандыруды жүзеге асыратын және сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға немесе пайдасына шарт жасалған өзге тұлғаға (пайда алушыға) шартта белгіленген сома (сақтандыру сомасы) шегінде сақтандыру төлемін жүргізуге міндетті тұлға;

Сақтанушы — сақтандырушымен сақтандыру шартын жасасқан тұлға.

Сақтандырылған адам — өзіне қатысты сақтандыру жүзеге асырылатын тұлға.

Пайда алушы — сақтандыру шартына сәйкес сақтандыру төлемін алушы болып табылатын тұлға.

Сақтандыру ерікті түрде де, міндетті түрде де жүзеге асырылатынын атап өткен жөн.

Ерікті сақтандыру - тараптардың ерік білдіруі бойынша жүзеге асырылатын, түрлері, талаптары мен тәртібі тараптардың келісімімен айқындалатын сақтандыру.

Міндетті сақтандыру - заңнамалық актілердің талаптары бойынша жүзеге асырылатын, егер сақтандырудың міндетті түрлерін реттейтін заңнамалық актілерде өзгеше белгіленбесе, талаптары тараптардың келісімімен айқындалатын сақтандыру.

Сақтандыру қағидалары — сақтандыру ұйымының сақтандырудың белгілі бір түрі бойынша сақтандыруды жүзеге асыру талаптарын айқындайтын құжаты.

Сақтандыру шарты жазбаша нысанда мынадай жолмен жасалады:

1) тараптардың сақтандыру шартын жасауы;

2) сақтанушының сақтандырушы біржақты тәртіппен әзірлеген үлгілік талаптарға (сақтандыру қағидаларына) қосылуы (қосылу шарты).

Жазбаша шарттың нысанын сақтандырушы не тараптардың келісімі айқындайды. Сақтандыру шартының жазбаша нысанын сақтамау оның жарамсыздығына әкеп соғады.

Сақтандыру ұйымы сақтанушыға сақтандыру полисін бере отырып, қосылу шарты нысанында сақтандыру шартын жасасу жөніндегі қызметті сақтандыру қағидаларын уәкілетті органмен келіскеннен кейін ғана жүзеге асыруға құқылы.

Егер сақтандыру ұйымы клиентпен белгілі бір сақтандыру өнімі бойынша шарт-келісім жасасса, оған әзірленген сақтандыру қағидалары уәкілетті органмен келісілуге жатпайды.

Міндетті сақтандыру түрлері сақтанушы мен сақтандырушы арасында сақтандырушының сақтанушыға сақтандыру полисін беру арқылы жасалған шарт негізінде жүзеге асырылады, бұған Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлеген шарттың үлгілік нысаны негізінде жүзеге асырылатын өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру қосылмайды.

Сонымен қатар міндетті сақтандырудың барлық түрлері бойынша қағидалар уәкілетті органмен келісілуге жатады.

Сақтандыру қағидаларында не қамтылуы тиіс?

Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес:

1) сақтандыру объектілерінің тізбесі;

2) сақтандыру сомаларын айқындау тәртібі;

3) сақтандыру жағдайларының тізбесі;

4) сақтандыру жағдайларынан алып тастаулар және сақтандыруды шектеу;

5) сақтандыру шартының қолданылу мерзімі мен орны;

6) сақтандыру шартын жасасу тәртібі;

7) тараптардың құқықтары мен міндеттері;

8) сақтандыру жағдайы басталған кездегі сақтанушының әрекеттері;

9) сақтандыру жағдайының басталуын және залалдың мөлшерін растайтын құжаттардың тізбесі;

10) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру тәртібі мен талаптары;

11) сақтандыру төлемі туралы немесе сақтандыру төлемінен бас тарту туралы шешім қабылдау мерзімі;

12) сақтандыру шартын тоқтату талаптары;

13) дауларды шешу тәртібі;

14) қосымша талаптар.

Бұдан басқа, сақтандыру қызметтерін тұтынушылар олардың құқықтары мен мүдделерінің бұзылуына жол бермеу мақсатында уәкілетті орган сақтандыру ұйымдарына сақтандыру қағидаларын әзірлеу кезінде оларда мынадай қосымша талаптарды көздеуді ұсынатынын білуі қажет:

1) сақтандыру сыйлықақыларын төлеу тәртібі;

2) сақтандырушының сақтандыру жағдайы туралы хабарламаны дереу тіркеуі;

3) сақтанушының сақтандырушыны сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабардар ету тәсілдері;

4) сақтанушыға сақтандыру жағдайы бойынша сақтандырушы қабылдаған құжаттардың тізбесі мен оларды қабылдау күні көрсетілген анықтама беру міндеті;

5) егер сақтандырушыны сақтандыру жағдайы туралы уақтылы хабардар етпеу сақтанушының (жәбірленушінің), пайда алушының дәлелді себептерінен туындаса және бұл мән-жайды негіздейтін құжаттар болса, сақтандырушының сақтандыру төлемінен бас тартуға құқығының жоқтығы туралы;

6) сақтандырушының жәбірленуші тұлғаға залалды өтеу немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдау тәртібі, осы шешімді қабылдау мерзімі, оны кейінге қалдыру және бұл туралы өтініш берушіні жазбаша хабардар ету туралы талаптар;

7) сақтандыру қағидаларында көзделген жағдайларда сақтандыру актісін жасау мерзімі, онда сақтандыру төлемінің мөлшерін және оны сақтанушыға (пайда алушыға) танысу үшін ұсыну тәртібін көрсету;

8) мерзімдерді нақтылау (күнтізбелік не жұмыс күндері);

9) сақтандырушыны сақтандыру төлемін жүзеге асырудан босату негіздері;

10) сақтандырушының сақтандыру шартында көрсетілуге жататын талаптардың толық болмауы үшін жауапкершілігі.

Сонымен бірге сақтандыру қағидаларына «өзге құжаттар», «өзге құқықтар», «өзге міндеттер», «ҚР заңдарының басқа нормалары», «және т.с.с.», «және т.б.» сияқты бір мәнді емес талаптарды енгізуге жол берілмейді; сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру мәмілесі тараптары арасында даулы жағдайлардың туындауын болдырмау мақсатында сақтандырушы оларды толық көлемде ашып, нақтылауы тиіс.

Сақтандыру қағидаларының ажырамас бөлігі — сақтандырушы әзірлеген сақтандыру шартының нысаны және уәкілетті орган әзірлеген сақтандыру полисінің үлгілік нысанында көзделген барлық мәліметтер қамтылуы тиіс сақтандыру полисінің үлгісі түріндегі қосымшалары.

Бұдан басқа, сақтандыру шартында мыналар қамтылуы тиіс:

1) сақтандырушының атауы, орналасқан жері және банктік деректемелері;

2) сақтанушының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және тұрғылықты жері (егер ол жеке тұлға болса) не оның атауы, орналасқан жері және банктік деректемелері (егер ол заңды тұлға болса);

3) сақтандыру объектісінің көрсетілуі;

4) сақтандыру жағдайының көрсетілуі;

5) сақтандыру сомасының мөлшері, сақтандыру төлемін жүзеге асыру тәртібі мен мерзімдері;

6) сақтандыру сыйлықақысының мөлшері, оны төлеу тәртібі мен мерзімдері;

7) шарттың жасалған күні және қолданылу мерзімі;

8) егер сақтандырылған адам мен пайда алушы сақтандыру қатынасының қатысушылары болса, олар туралы нұсқаулар;

9) шарттың (сақтандыру полисінің) нөмірі, сериясы;

10) шарт талаптарына өзгерістер енгізу жағдайлары мен тәртібі;

11) сатып алу сомасын төлеу талаптары және оның мөлшері (жинақтаушы сақтандыру үшін). Сатып алу сомасы — жинақтаушы сақтандыру шартының қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде сақтанушы алуға құқылы ақша сомасы.

Сақтандыру қағидалары мен шарттарында франшиза көзделуі мүмкін. Франшиза — сақтандыру талаптарында көзделген, белгілі бір мөлшерден аспайтын залалды өтеуден сақтандырушыны босату. Франшиза не сақтандыру сомасына пайызбен, не абсолюттік мөлшерде белгіленеді.

Франшиза шартты (шегерілмейтін) және шартсыз (шегерілетін) болады.

Шартты франшиза кезінде сақтандырушы франшизаның белгіленген мөлшерінен аспайтын залалды өтеуден босатылады, бірақ залалдың мөлшері осы сомадан асса, оны толық өтеуге міндетті.

Шартсыз франшиза кезінде залал барлық жағдайда белгіленген сома шегеріле отырып өтеледі.

Сақтанушы мен сақтандырушы арасындағы келісім бойынша сақтандыру қағидалары негізінде сақтандыру шарттарын жасасу кезінде айқындалатын қосымша талаптарды көздейтін сақтандыру шарттары жасалуы мүмкін. Ал қосымша талаптар үш реттен артық қайталанған кезде сақтандырушы заңнамада белгіленген тәртіппен сақтандырудың тиісті түрі бойынша қағидаларды өзгертуге және оларды уәкілетті органға келісуге ұсынуға міндетті.

Азаматтық заңнамаға сәйкес, егер сақтандыру шартында заңнамалық актілерде көзделгенмен салыстырғанда сақтанушының жағдайын нашарлататын талаптар болса, осы заңнамалық актілерде белгіленген қағидалар қолданылады.

Азаматтық заңнама нормасына сәйкес Агенттік сақтандырушыларға сақтандыру шартында көрсетілуге жататын талаптардың толық болмауы үшін өз жауапкершілігін, сондай-ақ сақтандыру шарты бойынша оның жекелеген талаптарының толық болмауы салдарынан дау туындаған жағдайда дау сақтанушының пайдасына шешілетіні туралы талаптарды енгізуді де ұсынады.

Сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың назарын сақтандыру полисінде нақты тек тараптардың құқықтары мен міндеттері ғана қамтылатынына аударамыз, сондықтан сақтандыру полисін алу арқылы шарт жасасу кезінде сақтандыру қағидаларының барлық талаптарымен мұқият танысу қажет.

Осы мақсатта сақтандыру қызметтерін тұтынушы сақтандыру шартын жасасу және сақтандыру полисін алу кезінде сақтандыру ұйымынан мазмұны бойынша толық сақтандыру қағидаларын, егер олар уәкілетті органмен келісілуге жатса, оларды келіскен күні туралы белгісімен талап етуге құқылы.

Сақтанушының талабы бойынша сақтандыру қағидаларын ұсыну сақтандырушының тікелей міндеті болып табылады.

Тақырып бойынша тағы

Мақалалар5 қаңтар 2019

Онлайн және офлайн сақтандыруды салыстыру

Сақтандыру — күтпеген оқиғалардан қамтамасыз етудің әрі күрделі, әрі қызықты түрі, ол қиын сәтте бизнесті немесе мүлікті барынша тез қалпына келтіруге көмектесе алады, бірақ заңнаманы үздіксіз талдауды және сақтандырудың қыр-сырын еркін меңгеруді талап етеді.