Қазақстанда үлестік салымдарды сақтандыру жүйесі енгізіледі
11 шілде 2012 Оқу: 1 мин Қаралымдар: 2 134
Қазақстанда тұрғын үй құрылысына үлестік салымдарды сақтандыру жүйесін енгізу қажет.
Қазақстанда тұрғын үй құрылысына үлестік салымдарды сақтандыру жүйесін енгізу қажет. Бұл туралы сейсенбіде жарияланған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы: Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді.
Бағдарламалық мақалада Президент жалға берілетін тұрғын үй нарығын дамыту мақсатында заңнаманы жетілдіру маңызды екенін мәлімдейді.
«Тұрғын үй құрылысына үлестік салымдарды сақтандыру жүйесін құру және оны барынша дамыту қажет деп санаймын», – делінген мақалада.
Мемлекет басшысы сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй жалдау қорын басқару жөніндегі мамандандырылған компаниялар құруды ынталандыруға, сондай-ақ үлгілік келісімшарттар әзірлеу арқылы ұзақ мерзімді жалға алушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге шақырады.
«Жалға алудың барлық шарттары ашық әрі түсінікті болуы тиіс. Жалға берілетін тұрғын үй алуға құжаттар жинау процесін оңтайландыру маңызды», – деп мәлімдейді Н.Назарбаев.
«Жеке тұрғын үй құрылысының көлемін кеңейту үшін, әсіресе перспективалы қалалық агломерациялар мен моноқалалар маңында, жаңа серпін қажет. Мұнда өз үйін салғысы келетін және сала алатындар үшін салықтық жеңілдіктер, кредит берудің жеңілдетілген шарттарын енгізуге болады», – деп атап өтеді Президент.
Еске сала кетейік, қазіргі уақытта Қазақстанда «Қолжетімді тұрғын үй-2020» және «ТКШ жаңғырту» жаңа ауқымды бағдарламалары іске асырылуда.