Сақтандыру «Жеке нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 11 маусымдағы № 435-II Заңы негізінде жүзеге асырылады.
Жеке нотариустардың жауапкершілігін сақтандыру жеке нотариустың нотариаттық әрекеттер жасауы нәтижесінде зиян келтірілген үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді.
Сақтандыру объектісі жеке нотариустың өзі нотариаттық әрекеттер жасауы нәтижесінде үшінші тұлғаларға келтірілген зиянды өтеу міндетіне байланысты мүліктік мүдделері болып табылады.
Сақтандыру жағдайы деп сақтанушының өзі нотариаттық әрекеттер жасауы нәтижесінде үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделеріне келтірілген зиянды өтеу жөніндегі азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің туындау фактісі танылады.
Сақтандыру төлемдерінің, сондай-ақ жарналардың мөлшері заңнамалық деңгейде реттеледі.
Соңғы жылдары нотариат институтының маңыздылығына байланысты жалпы кәсіптік жауапкершілікті сақтандыруды, атап айтқанда нотариустардың кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруды дамыту мәселесіне назар айтарлықтай артты. Азаматтық құқықтық айналымды тиімді ұйымдастыру мен оның жұмыс істеуін қамтамасыз ететін азаматтық қоғамның аса маңызды элементі бола отырып, нотариат азаматтардың өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға арналған кепілдендірілген конституциялық құқықтарын мемлекеттің қамтамасыз етуінің орталық құралдарының бірі болып табылатыны бірнеше рет атап өтілді.
Бүгінгі таңда әлемдік ауқымда нотариат – мәмілелерді куәландыру, мұрагерлік құқықтарды ресімдеу және басқа да әрекеттерді жасау, азаматтық құқықтарды заңды түрде бекіту және олардың ықтимал бұзылуының алдын алу жүктелген органдар жүйесі.
Нотариус нотариаттық әрекетті жасау кезінде өзіне ұсынылған құжаттарды зерттей білуі, іс мән-жайын егжей-тегжейлі анықтап, оған қатысушылардың әрекет себептерін түсінуге тырысуы, олардың құқықтары мен міндеттерін жан-жақты түсіндіруі, заңдық хабарсыздық оларға зиян келтіру үшін пайдаланылмауы үшін тараптарды жасалатын нотариаттық әрекеттердің салдары туралы ескертуі тиіс. Нотариус шартқа жай ғана мөр мен өз қолын қоймайды, алдын ала адамдармен әңгімелесіп, жеке басын анықтайды және мәмілеге қатысушы тұлғалардың әрекет қабілеттілігін белгілейді, кәмелетке толмаған балалар мен әрекетке қабілетсіз азаматтардың құқықтарын қорғайды.
ҚР «Нотариат туралы» Заңының жеке нотариустарға қоятын талаптарының бірі – азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру, ол нотариаттық әрекеттер жасау нәтижесінде зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелер бойынша кепілдік болып табылады.
ҚР «Жеке нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» Заңына сәйкес жеке нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру объектісі жеке нотариустың өзі нотариаттық әрекеттер жасауы нәтижесінде үшінші тұлғаларға келтірілген зиянды өтеу міндетіне байланысты мүліктік мүдделері болып табылады, оларды жүзеге асыру үшін жеке нотариус Қазақстан Республикасының нотариат туралы заңнамасына сәйкес жеке нотариустың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасуға міндетті.
Жеке нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандырудың мақсаты сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру арқылы жеке нотариустың нотариаттық әрекеттер жасауы нәтижесінде зиян келтірілген үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
Жеке нотариус жеке нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасаспай нотариаттық әрекеттер жасауға құқылы емес. Сақтандыру шартынсыз қызметті жүзеге асыратын жеке нотариус Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікте болады.
Жеке нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы деп жеке нотариустың нотариаттық әрекеттер жасауы нәтижесінде үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделеріне келтірілген зиянды өтеу жөніндегі сақтанушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің туындау фактісі танылады. Сақтандыру жағдайы сақтанушы келтірген зиянды өтеу туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап не сақтанушы үшінші тұлғалардың зиянды өтеу туралы талаптарын негізді деп таныған және сақтандырушы сақтанушының талаптарды тануымен келіскен күннен бастап басталды деп есептеледі.
Сақтандыру төлемі туралы талапты сақтандырушыға сақтанушы не үшінші тұлға сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды қоса бере отырып, жазбаша нысанда қояды.
Жеке нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартының қолданылу кезеңінде үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделеріне келтірілген зиян үшін сақтандыру төлемі туралы талап сақтандыру жағдайы басталған сәттен бастап үш жыл ішінде сақтандырушыға қойылуы мүмкін. Жеке нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартынан туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралады.