Мұнай ұңғымаларын сақтандыру
3 ақпан 2012 Оқу: 9 мин Қаралымдар: 4 933
САҚТАНДЫРУ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ? Ұңғыма бақылаудан шығып кеткен жағдайда ықтимал шығындарыңызды өтеу және ұңғымаға бақылауды қалпына келтіруге қаражатыңыздың болуы үшін
САҚТАНДЫРУ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?
Ұңғыма бақылаудан шыққан жағдайда ықтимал залалдарыңызды өтеу және ұңғыманың үстінен бақылауды қалпына келтіруге қаражатқа ие болу үшін
САҚТАНДЫРУ ТҮРІ (СЫНЫБЫ)
МҰНАЙ ОПЕРАЦИЯЛАРЫН/БҰРҒЫЛАУ ЖҰМЫСТАРЫН ЕРІКТІ САҚТАНДЫРУ
ҰҢҒЫМАЛАРДЫҢ БАҚЫЛАУДАН ШЫҒУЫ
САҚТАНДЫРУШЫ:
Өзіңіз таңдаған сақтандыру компаниясы
САҚТАНУШЫ (КІМ САҚТАНУШЫ БОЛА АЛАДЫ):
Бұрғылау жұмыстарының нысанасы болып табылатын немесе ұңғымаларда бұрғылау және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін пайдаланылатын мүліктің сақталуына мүдделі заңды тұлға ретінде Сіз.
Сақтанушы ретінде мыналар бола алады:
• мұнай компаниясы;
• Тапсырыс беруші;
• Мердігер;
• қосалқы мердігер.
ПАЙДА АЛУШЫ:
Сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру төлемін алушы болып табылатын заңды тұлға.
НЕ САҚТАНДЫРЫЛАДЫ (САҚТАНДЫРУ ОБЪЕКТІСІ)
Мұнай, газ, геотермалдық, су және басқа да ұңғымалар, оларда:
1) Бұрғылау, тереңдету, қызмет көрсету, жөндеу, қалпына келтіру немесе өндіруді бастауға дайындау жұмыстары жүргізілетін;
2) Мұнай, табиғи газ немесе өзге де сұйық немесе газ тәрізді пайдалы қазбалар өндірілетін;
3) Мұнай, табиғи газ немесе басқа да қазбаларды өндіру қандай да бір себептермен уақытша тоқтатылған, ал ұңғыма тығынмен жабылған немесе өзге тәсілмен консервацияланған;
4) Ұңғыманы қоректендіретін мұнайлы немесе газды қабаттар сарқылғаннан кейін мұнай, табиғи газ немесе басқа да сұйық немесе газ тәрізді пайдалы қазбаларды өндіру тоқтатылған.
Сондай-ақ Сақтанушыға тапсырыс беруші немесе өзге иесі ұсынған не Сақтанушыға жалдау, жалға алу немесе лизинг шарттары бойынша берілген және сақтандырылған ұңғымаларда пайдаланылатын бұрғылау немесе өзге де жабдық, оның ішінде бұрғылау немесе шегендеу құбырлары, бұрғылар және кәсіпшіліктің өзге де жабдығы сақтандырылуы мүмкін, бұл ретте Сақтанушы аталған мүлікке келтірілген залалды заңға немесе осындай жалдау, жалға алу немесе лизинг шарттарына сәйкес өтеуге міндетті болуы шарт;
Бір мезгілде Сақтандырушыға сақтандыру төлемін жүргізу міндетін жүктейтін оқиға басталған немесе басталу қаупі туындаған жағдайда сақтандырылған мүлікті, оның ішінде ұңғыма ішіндегі жабдықты (егер ол сақтандыруға жататын болса) құтқару бойынша қажетті және орынды жұмсалған шығыстар да сақтандырылуы мүмкін.
Сақтандыру шартын жасасу үшін сауалнаманы толтыру қажет.
ҰҢҒЫМА ҚАШАН БАҚЫЛАУДАН ШЫҚҚАН БОЛЫП САНАЛАДЫ?
Егер ұңғыма сағасынан жер бетіне, теңіз түбіне немесе басқа су айдындарының түбіне шығатын бұрғылау ерітіндісінің, мұнайдың, газдың немесе судың ағыны кенеттен пайда болса және егер:
Мұндай ағынды жеткілікті жылдам
- кәсіпшілікте бар превенторлардың немесе шығарындылардың алдын алуға арналған және бұрғылау жұмыстарын жүргізу жағдайларын ескере отырып кәсіпшілікте болуға тиіс өзге де шығарындыға қарсы жабдықтың көмегімен тоқтату;
- бұрғылау ерітіндісі бағанының салмағын немесе қысымын арттыру арқылы не ұңғыманы өзге де ұқсас материалдармен толтыру арқылы тоқтату немесе
- кәсіпшілікке, қандай да бір меншікке және адамдардың өміріне қауіп төндірмей тиісті пайдалы қазбаларды өндіру үшін пайдалану мүмкін болмаса, немесе егер
Мұндай ағынның пайда болуы мемлекеттік тау-кен техникалық қадағалау органдарының немесе заң бойынша тиісті өкілеттіктері бар өзге де ресми органдардың тиісті ұңғыманы бақылаудан шыққан деп жариялауына әкеп соқса, ұңғыма бақылаудан шыққан болып саналады.
ҰҢҒЫМА ҮСТІНЕН БАҚЫЛАУ ҚАШАН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛДІ?
Бақылаудан шыққан ұңғыманың үстінен бақылау мынадай жағдайларда қалпына келтірілген болып саналады:
1. Ұңғыманың бақылаудан шығуына себеп болған сұйықтық немесе газ ағыны тоқтаса, тоқтатылса немесе кәсіпшілікте бар тиісті жабдықты пайдалана отырып, кәсіпшілікке, қандай да бір меншікке және адамдардың өміріне қауіп төндірмей тоқтатылуы мүмкін болса;
2. Сақтандыру жағдайы басталар алдында тікелей жүргізілген ұңғымаларды бұрғылау, тереңдету, жайластыру немесе жөндеу жұмыстары немесе осыған ұқсас сипаттағы өзге де жұмыстар қайта басталса немесе дереу қайта басталуы мүмкін болса.
3. Сақтандырылған ұңғыма сақтандыру жағдайы басталар алдында тікелей болған күйіне қайтарылса, яғни пайдаланушы ұңғымада мұнай, газ немесе өзге де қазбаларды өндіру қалпына келтірілсе, консервацияланған ұңғыма қайтадан консервацияланса және т.б.;
4. Ұңғыманың бақылаудан шығуына себеп болған мұнай немесе газ ағыны кәсіпшілікке, өзге меншікке және адамдардың өміріне қауіп төндірмей тиісті пайдалы қазбаларды өндіру үшін пайдаланылуы мүмкін болса.
5. Бақылау мемлекеттік
тау-кен техникалық қадағалау органдарының
немесе заң бойынша тиісті өкілеттіктері бар
өзге де ресми органдардың тиісті мәлімдеме
жасаған сәтінен бастап қалпына келтірілген болып саналады.
САҚТАНДЫРУ ШАРТТАРЫ
(САҚТАНДЫРЫЛҒАН ТӘУЕКЕЛДЕР)
Сақтандыру тәуекелі – басталу жағдайына қарай сақтандыру шарты жасалатын болжамды оқиға.
Сақтандыру жағдайы – сақтандырылған ұңғымаларға және басқа да сақтандыру объектілеріне сырттан көрсетілетін кенеттен және күтпеген әсер, оның нәтижесі ұңғыманың бақылаудан шығуы, өрттің немесе өзге де қауіптің туындауы болып табылады, бұл ұңғымалардың және өзге де сақтандырылған мүліктің зақымдануына, жоғалуына (жойылуына) әкеп соғады және Сақтандырушыға сақтандыру төлемін жүргізу міндетін жүктейді.
Сақтандырушы Сақтанушы мына жағдайларда жұмсаған шығыстарды өтейді:
• Бұрын бақылаудан шыққан сақтандырылған ұңғымалардың үстінен бақылауды қалпына келтіруге немесе қалпына келтіру әрекеттеріне байланысты,
• Сақтандырылған ұңғымада құрлық немесе теңіз түбі бетінен жоғары өтетін өртті сөндіру немесе сөндіру әрекеті кезінде,
• Сақтандырылған ұңғыманың бақылаудан шығуы нәтижесінде басқа ұңғымаларда туындаған өртті сөндіру немесе сөндіру әрекеті кезінде,
• Кәсіпшілікте туындаған және сақтандырылған ұңғыманың бақылаудан шығуына немесе жануына қауіп төндіретін өзге де өртті сөндіру немесе сөндіру әрекеті кезінде,
Сондай-ақ мыналар өтелуі мүмкін:
• Егер ұңғыманың зақымдануы немесе жойылуы (қирауы) мына себептердің салдарынан болса, сақтандырылған ұңғымаларды немесе олардың кез келген учаскесін қайта бұрғылау немесе қалпына келтіру бойынша шығыстар:
• Ұңғыманың бақылаудан шығуы;
• Бұрғылау, жөндеу жабдығының немесе бұрғылау платформаларының мына себептерден зақымдануы:
- жер немесе теңіз түбі бетінен жоғары болған жарылыс;
- найзағай соғуы;
- жерүсті, су немесе әуе көлік құралдарымен соқтығысу;
- дауыл немесе боран;
- су тасқыны;
- бұрғылау мұнарасының, деррик немесе кранның құлауы;
- жер сілкінісі, жанартау әрекеті немесе цунами (бірақ сақтандыру шартында осы қауіптерге қатысты сақтандыру өтеуі көзделген жағдайда ғана).
• Бұрғылау құралының үзілуі немесе қысылып қалуы.
Сақтанушының сақтандырылған ұңғыманың оқпаны бойымен бір жерасты резервуарынан екіншісіне ауысатын мұнайдың, газдың, судың немесе өзге де сұйықтықтың кенеттен және күтпеген жерден пайда болған жерасты ағынының (жерасты шығарындысының) үстінен бақылауды қалпына келтіруге немесе қалпына келтіру әрекетіне байланысты жұмсаған шығыстары.
АЛЫП ТАСТАУЛАР
Мыналардың нәтижесінде болған оқиғалар сақтандыру жағдайлары деп танылмайды:
• Мұндай соғыс жарияланған-жарияланбағанына қарамастан, кез келген соғыс пен әскери іс-қимылдар, олардың салдары;
• Ядролық энергияны кез келген нысанда пайдалану және мұндай пайдаланудың салдары;
• Азамат соғысы, қарулы көтеріліс, бүлік, қарулы көтерілісшілердің немесе террористердің іс-әрекеттері, сондай-ақ билік органдарының оларды басуға бағытталған іс-әрекеттері;
• Әскери немесе азаматтық билік органдарының өкімі бойынша мүлікті тәркілеу, реквизициялау, оған тыйым салу, оны жою немесе зақымдау не әкімшілік органдардың өзге де іс-әрекеттері;
• Сақтанушының, Пайда алушының, олардың басшы қызметкерлерінің немесе өкілдерінің, сондай-ақ өз атынан болса да, Сақтанушының немесе Пайда алушының хабардар болуымен және мүддесінде әрекет еткен адамдардың қасақаналығы, сол сияқты аталған адамдардың кез келгенінің сақтандырылған мүлікті пайдаланудың белгіленген қағидаларын бұзуы;
Ескертпе: Сақтанушы, Пайда алушы, олардың басшы қызметкері немесе өкілі, егер ол өз іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) қауіптілігін сезінсе, сақтандыру жағдайының басталу мүмкіндігін алдын ала білсе және сақтандыру жағдайының басталуына саналы түрде жол берсе не оған немқұрайлы қараса, қасақана әрекет етуші деп танылады;
• Жарылғыш заттарды пайдаланудан немесе сақтаудан туындаған детонация немесе жарылыс;
• Қолданыстағы заңнамаға немесе қандай да бір шартқа сәйкес Сақтанушыға, оның қосалқы мердігерлеріне немесе оның қызметіндегі адамдарға айыппұлдар, тұрақсыздық айыбы, өсімпұл немесе ақшалай нысандағы өзге де айыппұл санкцияларын салу;
• Тоқтап тұру, сақтандырылған мүлікті уақытша пайдалану мүмкін болмауы және, атап айтқанда, өнімді жеткізудің кешіктірілуінен немесе уақтылы жеткізілмеуінен, өндірудегі үзілістен, бұрғылау жұмыстарының мерзімдерінің орындалмауынан немесе ұңғымалардың уақтылы пайдалануға берілмеуінен, ұңғымалар өнімділігінің төмендеуінен немесе олардың дебитінің құлдырауынан не мұнайлы немесе газды қабаттағы қысымның түсуінен, сақтандырылған ұңғымаларды пайдалану мүмкін болмауынан немесе өзге де ұқсас себептерден туындаған өзге де жанама залалдар, тіпті мұндай жанама залалдар сақтандыру жағдайынан туындаса да;
• Қоршаған ортаның ластануы;
• Үшінші тұлғалардың денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтіру;
• Егер сақтандырылған ұңғыма мемлекеттік тау-кен техникалық қадағалау органдарының немесе заң бойынша тиісті өкілеттіктері бар өзге де ресми органдардың өкімі бойынша бақылаудан шыққан деп жарияланған болса, оның үстінен бақылауды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу немесе қалпына келтіру әрекеттері;
• Сақтандыру аумағынан тыс жерде жұмыстар жүргізу;
• Ұңғымалардың, олардың жерасты учаскелерінің немесе жерасты жабдығының зақымдануы;
Егер сақтандыру шартында арнайы келісілмесе, мыналардың салдарынан келтірілген залал өтелмейді:
• Ұңғымаларды бұрғылау, жөндеу, оларға қызмет көрсету, нығайту немесе тереңдету жұмыстары, егер мұндай жұмыстар сақтандыру басталғанға дейін басталып, аяқталмаған болса;
• Түгендеу барысында анықталған ұрлық, із-түзсіз жоғалу, жетіспеушілік немесе зақымданулар;
• Ішкі сынықтар, қозғалтқыштардың жарылуы немесе өзге де ұқсас себептер;
• Жабдықты жобалаудағы, оның құрылымындағы немесе дизайнындағы қателер.
САҚТАНДЫРУ СОМАСЫ
Сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сомасы тараптардың келісімі бойынша бір жылдық сақтандыру кезеңі ішіндегі барлық жағдайлардың жиынтығы бойынша сақтандырумен өтелетін залалға қатысты жауапкершіліктің жалпы (жылдық) лимиті мөлшерінде белгіленуі мүмкін.
Залалдың әрбір жағдайы бойынша, әрбір сақтандырылған ұңғыма бойынша жауапкершіліктің жеке лимиттерін белгілеу көзделуі мүмкін.
ФРАНШИЗА (ФРАНШИЗА ДЕГЕНІМІЗ НЕ, ТҮРЛЕРІ)
Франшиза – Сақтанушының залалға өзіндік қатысуы, сақтандырушыны белгілі бір мөлшерден аспайтын залалдарды өтеуден босату;
Ол не үшін қажет – Сақтанушы сақтандыру жағдайының басталмауына мүдделі болуы керек;
Франшизаның 2 түрі:
n Шартсыз немесе шегерілетін
n Шартты немесе шегерілмейтін.
Шартсыз франшиза кезінде сақтандыру төлемі белгіленген франшиза шегеріле отырып жүргізіледі.
САҚТАНДЫРУ ТӨЛЕМДЕРІ ЖӘНЕ ЗАЛАЛДАРДЫ РЕТТЕУ
Сақтандыру төлемін алу үшін Сізге мыналарды орындау қажет:
1) сақтандыру жағдайының басталғаны туралы өзіңізге ыңғайлы кез келген тәсілмен (телефон, смс, e-mail, факс және т.б.) уақтылы (әдетте, 3 жұмыс күні ішінде) хабарлау;
2) құзыретті органдарға, қызметтерге жүгіну;
3) сақтандыру жағдайының салдарын барынша азайту, залалды төмендету үшін барлық мүмкін шараларды қолдану;
4) төлемді алу үшін Сақтандыру шартында көрсетілген құжаттарды жинап, сақтандыру компаниясына ұсыну.
САҚТАНДЫРУ СЫЙЛЫҚАҚЫСЫ
Сақтандыру сыйлықақысы – Сақтандырушы Сақтандыру шартында айқындалған мөлшерде сақтандыру төлемін жүргізу міндеттемесін қабылдағаны үшін Сіз оған төлейтін ақша сомасы.
Сақтандыру сыйлықақысы = сақтандыру сомасы * сақтандыру тарифі
САҚТАНДЫРУ ТАРИФІ (ҚАЛАЙ АЙҚЫНДАЛАДЫ?)
Сақтандыру тарифі мыналарға байланысты:
• ұңғыманың түріне;
• ұңғыманың тереңдігіне (бұрғылаудың басындағы, жобалық);
• ұңғымалардың санына;
• ұңғымалардың құнына немесе жауапкершілік лимитіне;
• тәуекел дәрежесін арттыратын табиғи немесе климаттық факторларға (жоғары сейсмикалық белсенділік, жанартау атқылау қаупі, су тасқыны қаупі және т.б.);
• топырақ түріне;
• ұңғыманың сипаттамасына;
• ұңғыманы бұрғылау тәсіліне;
• қызметкерлердің біліктілік деңгейіне және т.б.;
НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ (БІЗДІҢ ҰСЫНЫМДАРЫМЫЗ)
1) сауалнаманы толтыру кезінде сақтандыру брокеріңізге ақпаратты барынша дұрыс және дәйекті ұсынуға тырысыңыз;
2) сақтандыру шартын жасасар алдында Шарттың өзін және Сақтандыру қағидаларын зерделеңіз және сұрақтар туындаған кезде сізге түсініксіз болған қандай да бір тармақ бойынша сақтандыру брокеріңізден түсініктеме сұраңыз.